Уикимедиа қоры бірнеше уики бөлімде тіркелмеген (жүйеден шыққан) редакторларға арналған уақытша тіркелгілерді іске қосып жатыр. Сол уики бөлімдердегі қауымдастықтар 2025 жылдың ортасында барлық уикиге қосқанға дейін бұл мүмкіндікті сынап, пікір қалдыру арқылы функцияны жақсарта алады.
Көптеген уики жобада жүйеден шығып кеткен не кірмеген қатысушылардың үлесі өңдеу кезінде IP мекенжайлармен көрсетіледі. IP мекенжайы – интернетке қосылған құрылғыны анықтайтын бірегей нөмір. Уақытша тіркелгілер – 12 уики жобада қосылған (және келесі жылы барлығында қосылатын) жаңа тіркелгі түрі. Ол жүйеге кірмеген немесе тіркелмеген қатысушылар жасаған өңдемелерді IP мекенжайдың орнына көрсету үшін пайдаланылады. Дегенмен дәлме-дәл алмастырады деген сөз емес. Біріншіден, уақытша қатысушылар қазіргі уақытта жүйеге кірмеген редакторлар пайдалана алмайтын функцияларды пайдалана алады. Екіншіден, Уикимедиа жобалары жүйеден шығып кеткен не кірмеген қатысушылардың IP мекенжайларын пайдалана береді, тәжірибелі қауымдастық мүшелері оларды бұрынғыша көре береді. Аталмыш өзгеріс жүйеден шығып кеткен не кірмеген редакторлар үшін, сондай-ақ уики жобалардың қауіпсіздігі мақсатында қатысушыларды бұғаттауға IP мекенжайларын пайдаланатындар үшін өзекті болып тұр.
Бұл – уақытша тіркелгілерге арналған посттар сериясының алғашқысы. Мұнда жобаның негіздері, әртүрлі топтар мен қатысушыларға әсері және бұл өзгерісті барлық уики жобада іске қосу жоспары туралы ақпарат беріледі. Келесі посттарда біз кеңейтілген техникалық рұқсаттары бар қауымдастық мүшелерімен бірге қалай жұмыс істегеніміз жайлы толығырақ баяндаймыз. Олардың берген кеңесіне сүйеніп, іске қосу барысын нақты функциялармен жасалатын жұмыспен байланыстырдық.
Осы өзгеріске түрткі болған заңдық негіздеме
Интернеттегі құпиялыққа қатысты заңдар мен ережелердің өзгеруіне байланысты Уикимедиа жобаларында да деректерді қорғау мәселесін әлдеқайда сенімді әрі шұғыл түрде шешуге қатысты талап алға шығып тұр. Осы қажеттіліктерге сай болу үшін Уикимедиа қоры жүйеге кірмеген редакторлардың уики жобаларда қалай жұмыс істейтінін және олардың жеке деректерін өңдеу жолын өзгертуі керек. Мұның шешімі – уақытша тіркелгілерді таныстыру, мұндайда жүйеге кірмеген не одан шығып кеткен қатысушылардың құпиялығы жақсырақ сақталады. Уақытша тіркелгілер не үшін қажет екені туралы толық ақпарат алу үшін ЖҚС бетіндегі заңға қатысты бөлімді және Құқық ұжымының 2021 жылғы жаңартуын қараңыз.
Уақытша тіркелгілер қалай жұмыс істейді?

Уикимедиа жобалары кез келген адамға тіркелгі жасап та, жасамай-ақ та өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл – негіз қалаушы қағидаттарымыздың бірі. Өңдеме тіркелгі арқылы жасалғанда, ол сәйкес тіркелгіге тиесілі деп көрсетіледі және оны Соңғы өзгерістер немесе бет тарихы сияқты әртүрлі журналдар мен беттерден көруге болады. Ал өңдеме тіркелгісіз жасалғанда, ол автоматты түрде жасалған уақытша тіркелгіге тиесілі болып саналады. Уақытша тіркелгі жүйеден шыққан қатысушының атынан жасалады және 90 күн бойы белсенді болады. Бір құрылғыдан жасалған одан кейінгі барлық өңдеме сол уақытша тіркелгіге тиесілі болады.
Бұл тіркелгі атауы былай көрсетіледі: ~2024-1234567 (тильда, ағымдағы жыл, нөмір). Нөмір автоматты түрде өсіп тұрады, яғни аталмыш жағдайда ~2024-1234568 және т.с.с. Қатысушылар бұл атауды таңдай алмайды.
IP мекенжайы өзгерсе де сол тіркелгі тұра береді, тек пайдаланушы браузердегі cookie файлдарын тазаламаса немесе басқа құрылғы не веб-браузер пайдаланбаса болғаны. Әр өңдеу кезінде қолданылған IP мекенжайы туралы ақпарат өңдеуден кейін 90 күн сақталады. Оны жүйеге кірген кейбір қатысушылар ғана көре алады.
Тіркелгі жасалғаннан кейінгі 90 күннен соң cookie файлдарының мерзімі аяқталады. Жарияланған барлық өңдеу сол тіркелгіге тиесілі болып қалады, алайда қатысушы жүйеге кірмеген күйі өңдей берсе, оған жаңа тіркелгі тағайындалады. Уақытша тіркелгілерді кәдімгі тіркелгіге түрлендіруге болмайды. Уақытша тіркелгілердің қалай жұмыс істейтінін білу үшін анықтамалық бетімізді көріңіз.
Уақытша тіркелгілер қай жобаларда қосылған?
Уақытша тіркелгілер қазіргі кезде мына тілдердегі Уикипедияларда: кантон, дат, игбо, норвег (букмол), румын, серб, серб-хорват, және суахили; сондай-ақ Чехше уикисабақ, Итальянша уикидәйек, Жапонша Уикикітап және Парсыша уикисөздік сияқты жобаларда қосылған.
Түрлі қатысушылар үшін бұл нені білдіреді?
Уикипедия тіркелгісі жоқ оқырмандар үшін
Ештеңе өзгермейді! Ешқандай өңдеу жасамасаңыз, жүйеге кірмеген болсаңыз және жай ғана Уикипедияны оқып жүрсеңіз (немесе Уикидерек, Ортаққор және т.с.с сайттарды пайдалансаңыз), сіз үшін ешқандай өзгеріс болмайды.
Жүйеге кірмеген редакторлар үшін

- Құпиялық жақсырақ сақталады: қазіргі кезде мақала өңдеу үшін тіркелгі қолданбасаңыз, енгізген өңдемеңізге қатысты IP мекенжайы көрініп тұрады, тіпті 90 күннен кейін де. Енді уақытша тіркелгілер қосылған уики жобаларда бұлай болмайды.
- Уақытша тіркелгіні соңғы 90 күн ішінде әр жерден (мысалы, үйден және кофеханадан) өңдеу үшін пайдалансаңыз, сол жерлердің бәріне қатысты өңдеу тарихы мен IP мекенжайларының бәрі бір уақытша тіркелгіге тиесілі болады. Талаптарға сай келетін қатысушылар бұл деректерді көре алады. Егер мұндай жайт сіз үшін жеке қауіпсіздік мәселесін тудырса,
talktohumanrights at wikimedia dot org
мекенжайы арқылы кеңес алсаңыз болады.
Жүйеге кірмеген редакторлармен байланысатын қауымдастық мүшелері үшін

- Уақытша тіркелгі құрылғымен бірегей түрде байланыстырылған. Салыстыратын болсақ, IP мекенжайын әртүрлі құрылғы немесе адамдар ортақ пайдалана алады (мысалы, мектеп немесе жұмыс орнындағы әртүрлі адамдардың IP мекенжайы бірдей болуы мүмкін).
- Уақытша пайдаланушының профилі IP мекенжайы арқылы өңдейтін қатысушынікімен салыстырғанда тұрақты болады. Мұндай қатысушының өңдемесіне қатысты оның талқылау бетіне хабар қалдырғыңыз келсе, ол адамның хабарыңызды оқу ықтималдығы жоғарырақ (тіпті арада біраз уақыт өтсе де).
- Кейбір аспектілері бойынша уақытша тіркелгілер кәдімгі тіркелгілер сияқты жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы да мүмкіндіктер қосуымыз мүмкін. Жоғарыдағы скриншоттардан көргеніңіздей, уақытша тіркелгі пайдаланатын қатысушылар хабарландыру алып тұрады. Оларға өңдемесі үшін алғыс білдіруге, талқылау кезінде оларды атап өту арқылы қауымдастық мәселелеріне көбірек араласуға шақыруға болады.
Уики жобаларды модерациялап, қадағалау мақсатында IP мекенжайларын пайдаланатын қатысушылар үшін

- Патрульдеушілер, яғни тұрақты түрде бұзақылық жасайтындарды қадағалайтындар, ереже бұзу жайттарын тергейтіндер және т.б.: талаптарға сай келетін қатысушылар уақытша пайдаланушылардың IP мекенжайларын, сондай-ақ уақытша тіркелгілермен белгілі бір IP мекенжайы немесе диапазоны арқылы жасалған өңдеулерді көре алады. Олар сонымен қатар IP Info функциясы арқылы IP мекенжайлары туралы пайдалы ақпаратты да көре алады. Басқа көптеген бағдарламалық жасақтама түрлері уақытша тіркелгілермен жұмыс істеуге бейімделді немесе арнайы дайындалды. Олардың қатарында AbuseFilter, жаһандық блоктау, қатысушының жаһандық үлесі және т.б. бар.
- Жүйеге кірмеген редакторларды бұғаттайтын админдер:
- Бірден уақытша тіркелгілерін бұғаттау арқылы көп ереже бұзушыны бұғаттай алады. Админ автобұғаттау мүмкіндігін таңдаса, бұғатталған адам жаңадан уақытша тіркелгіні жылдам жасай алмайды.
- Бұрынғыша IP мекенжайын немесе IP мекенжайы диапазонын бұғаттай бере алады.
- Стюардтар сияқты кеңейтілген құқықтары бар қатысушылармен жұмыс істеп жатырмыз және істей береміз. Сол қатысушылардан алған құнды пікірлер мен сауалдардың арқасында біз құралдарды жаңартып, сол жаңартуларға қатысты өзгерістерді жоспарлап қойдық.
- Уақытша тіркелгілерге құрал іске қосылғанға дейінгі жасалған үлестер ретроспективті түрде де тиесілі болмайды. Арнайы:Үлесі бетінде ағымдағы IP мекенжайы арқылы көрсетілген үлестерді көре аласыз, бірақ сол IP мекенжайындағы уақытша тіркелгі арқылы жасалған жаңа үлестерді емес. Ол үшін талапқа сай келетін қатысушылар оның орнына Арнайы:IP үлестері бетін пайдалануы керек.
Уақытша тіркелгілер басқа уики жобаларда қашан іске қосылмақ?
- Жоғарыда атап өткеніміздей, уақытша тіркелгілерді уики жобалардың бірінші топтамасында іске қостық. Бұл фаза шағын пилоттық іске қосу болып саналады. Оның арқасында уақытша тіркелгілерді барлық уики жобаға қоспай тұрып табылған қателерді анықтап, түзейміз. Қауымдастық мүшелерінің уақытша тіркелгілермен қалай әрекеттесетінін көруіміз керек, бұрыннан бар және жаңа құралдардың істеп тұрғанына, тәжірибелі қатысушылардың күнделікті тапсырмаларды ойдағыдай орындап жатқанына және т.б. көз жеткізуіміз керек. Осы жобаның әсерін ұдайы бақылап отырамыз әрі арагідік есептер шығарып тұрамыз. Нақты уақыттағы көрсеткіштері бар баршаға ашық ақпараттық панельді көре аласыз.
- Аяқ асты түзететін нәрсе көбейіп кетпесе, 2025 жылғы ақпанда үлкендеу уики жобаларда іске қосамыз. Мұны ірі пилоттық іске қосу деп атаймыз. Бұған өз қызығушылығын білдірген ең ірі 10 уики жоба жатуы мүмкін (бізге осы жерге жазыңыз). Десе де сол уақытта Ағылшынша Уикипедияға әзірге қоспай тұра тұрсақ дейміз.
- Әрі қарай 2025 жылдың ортасында мұқият үйлестірілген қадаммен қалған уики жобаларда іске қосамыз. Содан соң қолдау көрсетеміз, көрсеткіштерді бақылап отырамыз, сондай-ақ пайда болған мәселелерді сол бойда шешіп отырамыз.
Бұл өзгерістің әсері тиетін әр қатысушыға алдын ала ақпарат беріп отыруға бар күшімізді саламыз. Уақытша тіркелгілер туралы ақпарат Техникалық жаңалықтар бетінде, Diff платформасында, өзге блогтерде, әртүрлі уики беттерде, баннерлерде және басқа да түрде болады. Конференцияларда біз (немесе әріптестеріміз) өз атымыздан қатысушыларды осы жоба туралы сөйлесуге шақырамыз. Бұған қоса қауымдастыққа қолдау көрсету бағдарламаларын іске асырып жүрген серіктес ұйымдарға хабарласып жатырмыз.
Жаңалықтардан хабардар болып, байланыста болу үшін жаңа хабар тарату қызметімізге жазылыңыз. Жоба туралы толық ақпарат алу үшін ЖҚС бөлімін тексеріңіз, соңғы өзгерістерді қарап шығыңыз. Жоба бетінде немесе уики жобалардан тыс бізбен сөйлессеңіз де болады. Көріскенше!

Can you help us translate this article?
In order for this article to reach as many people as possible we would like your help. Can you translate this article to get the message out?
Start translation